Жамбыл облысында 24 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған күдікті ұсталды
Фото: Pixabay
Жамбыл облысында 24 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған 44 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті Тұрар Рысқұлов ауданындағы жайылымнан 16 бас жылқыны айдап әкеткен. Ол өзіне тиесілі айғырға мініп, қараусыз жүрген жылқыларды үйірімен бірге алып кеткен.
Тергеу барысында ер адамның ұрланған малдың жетеуін сойып, етін сатып жібергені анықталды. Осылайша, мал иесіне 24 миллион теңге көлемінде шығын келген.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшерде мал ұрлау бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарды малды қараусыз қалдырмай, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
