Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық туралы мәлімдеме жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президенттің айтуынша, бұл жағдай мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделі екенін айқын көрсетеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Президент.
Мемлекет басшысы тергеу амалдары енді ғана басталғанын еске салып, заң талаптарына сәйкес істің егжей-тегжейін әзірге жария етуге болмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ ол бұл оқиғаны «Заң мен Тәртіп» қағидаты Конституцияда бекітілгеннен кейін біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда тіркелген сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс ретінде атады.
Отырыс барысында Президент 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, Ата заңның талаптарын бұзуға немесе оған құрметсіздік танытуға ешкімнің құқығы жоқ.
«Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Қазіргі уақытта аталған іске қатысты тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденіп, тиісті үкім шыққан жоқ.
