Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 16 қараша 2026 $ 444,6↓€ 490,1↓₽ 5,37↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Фанг Бо Стамбұлдағы WTT Contender турнирінің чемпионы атанды

    Стамбұлда өткен WTT Contender Istanbul–2026 турнирінде қазақстандық Фанг Бо жекелей сында алтын медаль жеңіп алып, чемпион атанды.

    Фанг Бо Стамбұлдағы WTT Contender турнирінің чемпионы атанды

    Сурет: Дереккөз

    Стамбұлда үстел теннисінен жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын WTT Contender Istanbul–2026 халықаралық турнирі аяқталды. Жарыс 10-15 қараша аралығында Ata Sports Center спорт кешенінің аренасында өтіп, әлемнің үздік теннисшілерін жинады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Додаға әлемдік рейтингтің үздік 50 спортшысының қатарына кіретін Дания, Франция, Қытай, Швеция, Үндістан, Жапония, Румыния, Корея және басқа да елдердің өкілдері қатысты.

    Қазақстан намысын халықаралық жарыста Фанг Бо, Сарвиноз Миркадирова, Искендер Харки және Темірлан Джиенбаев қорғады.

    Турнирдің басты жеңімпазы Астанадағы Nomad Table Tennis Academy академиясының өкілі Фанг Бо атанды. Ол жекелей сында алтын медаль жеңіп алды.

    Фанг Бо жарыс барысында жоғары шеберлігін, сенімділігін, сабырлылығы мен нағыз чемпионға тән мінезін көрсетті. Чемпиондық атаққа жету жолында ол қатарынан бес кездесуде жеңіске жетті.

    Әсіресе шешуші кезеңдерде қазақстандық спортшының шеберлігі айқын байқалды. Ширек финалда ол Чехия өкілі Любомир Янчарикті 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Ал Германия өкілі Рикардо Вальтермен өткен тартысты жартылай финалда 3:2 есебімен басым түсті.

    Финалда Корея өкілі Кан Дон Сумен кездескен Фанг Бо қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, турнирдің чемпионы атанды.

    Бұл жеңіс – спортшының жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар Nomad Table Tennis Academy академиясы үшін де маңызды оқиға.

    Фанг Бо академия спортшыларына үлгі болып, өзінің еңбекқорлығымен, кәсібилігімен және үнемі дамуға ұмтылуымен командаластарына шабыт сыйлап келеді. Ол жас теннисшілерге үлкен жетістіктерге жетудің жолын көрсетіп қана қоймай, жинақтаған тәжірибесімен де бөліседі.

    Спортшы академиядағы әріптестеріне үстел теннисінің қыр-сырын меңгеруге, техникасы мен тактикасын жетілдіруге, ойын дағдыларын дамытуға көмектесіп, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне елеулі үлес қосып жүр.

    Оның халықаралық аренадағы жетістігі табанды еңбек, тәртіп, өз күшіне сену және үздіксіз даму жоғары нәтижеге жеткізетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

    Стамбұлдағы жеңіс Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтып, академия тәрбиеленушілеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →