Қазақстанда электромобильдерге жасыл түсті мемлекеттік нөмір беріледі
Фото: Pixabay
Қазақстанда электромобильдерге арналған жаңа үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлері бекітілді. Ішкі істер министрлігі электр қуатымен жүретін көліктердің нөмірлік белгілеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Тиісті бұйрық Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде жарияланды. Құжатқа сәйкес, 2015 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Жаңа талаптар жеңіл электромобильдерге, электр қуатымен жүретін жүк көліктеріне және электробустарға қатысты. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі электр көліктері үшін алдыңғы және артқы мемлекеттік нөмірлердің жаңа үлгілері қарастырылған.
Электромобильдердің нөмірі қандай болады?
Қарапайым электромобильдердің мемлекеттік нөмірлері бұрынғыдай ақ түсті фонда жасалады. Онда Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленіп, көлік тіркелген өңірді көрсететін бөлік жасыл түспен ерекшеленеді.
Ал нөмірдегі сандар, әріптер және KZ айырым белгісі қара түспен жазылады.
Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдер үшін бөлек үлгі бекітілген. Олардың мемлекеттік нөмірлері көк түсті болады. Өңір коды көрсетілетін бөлік жасыл түспен, ал әріптер мен сандар ақ түспен жазылады.
Бұдан бөлек, электр қозғалтқышымен жүретін мотоциклдерге де жеке нөмірлік белгілер қарастырылған.
Дипломатиялық электромобильдерге де өзгеріс енгізілді
Жаңа бұйрықта дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің қызметтік және жеке электромобильдеріне арналған нөмірлер де қамтылған.
Сондай-ақ құрметті консулдарға, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтарға тиесілі электр көліктері үшін арнайы нөмір үлгілері белгіленген.
Дипломатиялық көліктердің мемлекеттік нөмірлері қызыл түсті фонда жасалады. Ал шетел азаматтарына тиесілі басқа санаттағы электромобильдердің нөмірлері сары түсті болады.
Бұл нөмірлерде де өңірді білдіретін бөлік жасыл түспен ерекшеленеді.
Осылайша, жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірлердің басты ерекшелігі – көліктің электр қуатымен жүретінін білдіретін жасыл түсті өңірлік белгінің болуы.
