Парламентте баламалы энергетика туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды
Парламентте баламалы энергетиканы дамыту туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Сутегі, қалдық жылу, энергия жинақтау және B2B шарттары қарастырылды.
Қазақстан Парламентінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Құжат бойынша қосымша баяндама жасаған депутат С.Қ. Есімханов заңның негізгі мақсаты Мемлекет басшысының баламалы энергетиканы дамыту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау екенін атап өтті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, елімізде өнеркәсіптің өркендеуі мен жаңа өндіріс орындарының іске қосылуына байланысты электр энергиясына сұраныс қарқынды түрде артып келеді. Осы орайда заң жобасы бірнеше түбегейлі жаңашылдықты көздейді.
Біріншіден, қолданылу аясы кеңейеді: қолданыстағы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңның атауы «Баламалы энергетиканы дамыту туралы» болып өзгертіледі. Енді дәстүрлі күн және жел станцияларымен қатар сутегі энергетикасы, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мен қалдық жылуды пайдалану бағыттары қамтылады. Ал атом энергетикасына қатысты нормалар енгізілгенімен, оның құқықтық реттелуі жеке заңнама шеңберінде қала береді.
Екіншіден, энергия жинақтау жүйелерінің нақты құқықтық базасы құрылады. Бұл күн мен жел қуатының ауа райына тәуелділігін реттеуге және жалпы энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, жаңартылатын энергия өндірушілер мен тұтынушы кәсіпорындар арасында тікелей келісімшарт (B2B механизмі) жасасуға жол ашылады. Бұл қадам саланы жеке инвестициялармен қамтамасыз етіп, өндіріс ошақтарына тұрақты энергия кепілдігін береді.
Жұмыс тобының отырыстарында депутаттар, жауапты мемлекеттік органдар мен салалық сарапшылар көтерме электр энергиясы нарығын жетілдіруге және жаңа қатысушылардың міндеттерін нақтылауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді. Түзетулерді талқылау заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында жалғасады.
Тұрақты комитеттерден оң қорытынды алған заң жобасын Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.
