Тоқаев: «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең жоба
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын нағыз халықтық жоба деп атап, 2027 жылды ауқымды құрылыс жылы деп жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ауқымы мен маңызына тоқталып, оны нағыз халықтық жоба деп бағалады. Ол бұл туралы өз үндеуінде айтты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Баршаңызға мәлім, қазір еліміздің алдында маңызды міндеттер тұр. Бәріміз бір ел болып «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыратын болдық», – деді Президент.
Оның айтуынша, 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады.
Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт инфрақұрылымы және басқа да ғимараттар, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуежайлар салынады.
Барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылады. Отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер беріледі. Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес.
«Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
