Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 10 қараша 2026 $ 449,1↑€ 501,2↑₽ 5,49↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Тоқаев 14 азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады • «4,5 пайыздық өсімнен де маңызды мәселе бар»: экономист Қазақстан экономикасындағы өзгерістерді түсіндірді • Тоқаев Жарлығымен тіл мен мәдениет қайраткерлері марапатталды • Жетісу облысында жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды • Тоқаев тіл мәселесінде арандатушылық жасағандар жауапқа тартылады деп ескертті • Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармаларға күмән келтірді • Тоқаев 14 азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады • «4,5 пайыздық өсімнен де маңызды мәселе бар»: экономист Қазақстан экономикасындағы өзгерістерді түсіндірді • Тоқаев Жарлығымен тіл мен мәдениет қайраткерлері марапатталды • Жетісу облысында жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды • Тоқаев тіл мәселесінде арандатушылық жасағандар жауапқа тартылады деп ескертті • Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармаларға күмән келтірді •

    «4,5 пайыздық өсімнен де маңызды мәселе бар»: экономист Қазақстан экономикасындағы өзгерістерді түсіндірді

    «4,5 пайыздық өсімнен де маңызды мәселе бар»: экономист Қазақстан экономикасындағы өзгерістерді түсіндірді

    Фото: digitalbusiness.kz

    Қазақстан экономикасының 2026 жылдың он айындағы өсімі 4,5 пайызды құрады. Алайда экономист Бекнұр Қисықовтың пікірінше, басты мәселе жалпы ішкі өнімнің қаншалықты өскенінде емес, осы өсімді қандай салалар қамтамасыз етіп отырғанында. Сарапшы шикізаттық емес сектордың дамуы, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім және жеке инвестициялардың артуы Қазақстан экономикасында құрылымдық өзгерістер басталғанын көрсететінін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    Экономист Бекнұр Сейтжанұлы Қазақстан экономикасының қазіргі даму қарқынына баға беріп, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің маңызды ерекшелігі – шикізаттық емес салалардың жалпы экономикадан жоғары қарқынмен дамуы.

    «Менің ойымша, қазіргі экономикалық өсімдегі ең маңызды мәселе жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызға артқаны емес, осы өсімнің қандай көздер есебінен қамтамасыз етілгені. Біз экономиканың негізгі қозғаушы күшіне шикізаттық емес сектор айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Оның өсімі 5,6 пайызды құрады. Бұл жалпы экономикалық өсімнен жоғары көрсеткіш», – деді Бекнұр Қисықов.

    Сарапшы әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі оң өзгерістерге назар аударды. Оның сөзінше, аталған саланың өсімі тоғыз айдағы 8,6 пайыздан он айдың қорытындысында 9,3 пайызға дейін жеделдеген.

    Экономист бұл көрсеткіштерді Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктерінің біртіндеп кеңеюімен байланыстырады.

    Өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуда

    Бекнұр Сейтжанұлы экономикалық өсімге ықпал етіп отырған бірнеше негізгі бағытты атап өтті. Соның біріншісі – өңдеу өнеркәсібі.

    Оның айтуынша, машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсібі, дайын металл бұйымдарын шығару және азық-түлік өндірісі жоғары қарқын көрсетіп отыр.

    «Бұл еліміздің өндірістік әлеуеті біртіндеп кеңейіп келе жатқанын білдіреді. Қазақстан енді тек шикізатты экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдерді көбірек өндіруге ұмтыла бастады. Әсіресе машина жасау, химия және фармацевтика салаларындағы өсім маңызды», – деді сарапшы.

    Экономистің пікірінше, мұндай өзгерістер елдің экономикалық құрылымын күрделендіріп, өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар ол жекелеген салалардағы жоғары өсім көрсеткіштерін бағалағанда олардың жалпы экономикадағы үлесін де ескеру қажеттігін айтты.

    Мәселен, фармацевтика өнеркәсібінің 50,9 пайызға өсуі айтарлықтай нәтиже болғанымен, бұл саланың жалпы ішкі өнімге нақты қаншалықты үлес қосқанын анықтау үшін оның экономикадағы салмағын есептеу қажет.

    «Белгілі бір саланың жоғары қарқынмен өсуі оның жалпы ішкі өнімге дәл сондай көлемде үлес қосатынын білдірмейді. Мысалы, фармацевтиканың 50,9 пайызға өсуі әсерлі көрсеткіш. Бірақ оның макроэкономикалық маңызын бағалау үшін саланың жалпы экономикадағы үлесін ескеруіміз керек», – деп түсіндірді экономист.

    Құрылыс саласындағы өсім басқа өндірістерге де әсер етеді

    Сарапшының айтуынша, экономиканың дамуына елеулі үлес қосып отырған екінші бағыт – құрылыс саласы.

    2026 жылдың он айында құрылыстағы өсім 13,1 пайызды құраған.

    Бекнұр Қисықов мұны елдегі инвестициялық белсенділіктің жоғары болуымен және инфрақұрылымдық, тұрғын үй жобаларының кеңеюімен байланыстырады.

    Оның пікірінше, құрылыс саласының дамуы тек жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлердің бой көтеруімен шектелмейді. Бұл сала экономиканың басқа бағыттарына да ықпал етеді.

    «Құрылыстың 13,1 пайызға өсуі инвестициялық белсенділіктің жоғары екенін және инфрақұрылымдық, тұрғын үй жобаларының ауқымы кеңейіп жатқанын көрсетеді. Құрылыстың мультипликативтік әсері бар. Ол құрылыс материалдарын өндіруді, металлургияны, көлік саласын, жұмыспен қамтуды және қызмет көрсету секторын ынталандырады», – деді ол.

    Осыған байланысты экономист құрылыс саласындағы өсімнің жалпы экономикалық белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

    Қазақстанның транзиттік әлеуеті жаңа мүмкіндіктер ашады

    Экономист ерекше назар аударған үшінші бағыт – көлік және логистика саласы.

    Аталған сектордағы өсім 7,5 пайызды құраған.

    Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіш экономикалық белсенділіктің артуын ғана емес, Қазақстанның халықаралық транзиттік бағыттардағы маңызының күшейіп келе жатқанын да аңғартады.

    «Қазақстан Еуропа мен Азияның ірі нарықтарының арасында орналасқан ерекше географиялық артықшылыққа ие. Сондықтан көлік дәліздерін, теміржол инфрақұрылымын, логистикалық орталықтарды және қойма қуаттарын дамыту еліміздің ұзақмерзімді бәсекелестік артықшылықтарының біріне айналуы мүмкін», – деді Бекнұр Қисықов.

    Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық тасымал жүйесіндегі орнын нығайту арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

    Бұл бағытта көлік инфрақұрылымын кеңейту, логистикалық қызметтердің сапасын арттыру және транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану маңызды.

    Ішкі нарық та экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отыр

    Бекнұр Қисықов экономиканың төртінші маңызды бағыты ретінде ішкі нарықтағы белсенділікті атады.

    Оның келтірген мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың он айында сауда саласы 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 5,2 пайызға өскен.

    Экономист бұл көрсеткіштер экономикалық өсімнің тек экспортқа ғана тәуелді емес екенін көрсетеді деп есептейді.

    «Сауданың 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығының 5,2 пайызға өсуі экономикалық белсенділікті тек сыртқы нарықтар емес, ішкі сұраныс, өндіріс пен тұтыну да қолдап отырғанын білдіреді», – деді ол.

    Сарапшы ішкі нарықтың дамуы экономиканың тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап өтті.

    Оның пікірінше, ішкі өндіріс пен тұтынудың артуы Қазақстанның сыртқы экономикалық өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін кеңейтеді.

    Шикізаттық емес секторға инвестиция 25 пайызға өскен

    Экономист экономикалық өсімнің тағы бір маңызды факторы ретінде инвестицияларды атады.

    Оның Ұлттық банк деректеріне сүйеніп келтірген мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 7 пайызға артқан.

    Ал бюджеттік қаржыландыруды есептемегенде, шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялардың өсімі 25 пайызды құраған.

    «Бұл – еліміздің болашақ өндірістік әлеуеті үшін жақсы белгі. Біз бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше үдерісті байқап отырмыз. Өнеркәсіп өндірісі кеңейіп, инфрақұрылым дамып, инвестициялық белсенділік артып, ішкі нарық нығайып келеді», – деді Бекнұр Қисықов.

    Дегенмен сарапшы экономикалық өсімді тек мемлекеттік шығындар мен инфрақұрылымдық бағдарламалар есебінен қамтамасыз ету жеткіліксіз екенін ескертті.

    Оның пікірінше, ел экономикасында жеке капиталдың рөлін күшейту қажет.

    «Экономика мұнайға ғана тәуелді болмауы керек»

    Бекнұр Қисықов Қазақстан экономикасында біртіндеп құрылымдық өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті.

    Оның сөзінше, ұзақ жылдар бойы еліміздің экономикалық өсімі әлемдік шикізат нарығындағы жағдайға, әсіресе мұнай бағасына едәуір тәуелді болды.

    Алайда қазіргі көрсеткіштер басқа салалардың да экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкіндігі артқанын аңғартады.

    «Көп жыл бойы Қазақстан экономикасының өсімі негізінен шикізат нарығындағы жағдайға, бірінші кезекте мұнайға тәуелді болды. Қазір өндіруші секторда қиындықтар болған күннің өзінде басқа салалардың есебінен экономиканың өсіп отырғанын көріп отырмыз. Бұл – оң құрылымдық өзгерістердің белгісі», – деді экономист.

    Сарапшы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы көрсеткіштерді мысалға келтірді.

    Оның мәліметінше, осы кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібі 4,3 пайызға төмендеген. Ал өңдеу өнеркәсібі, керісінше, 8,6 пайызға өскен.

    Бекнұр Cейтжанұлы бұл үрдісті шикізаттық емес салалардың экономикадағы маңызы артып келе жатқанының белгісі деп бағалады.

    Алайда ол Қазақстан толықтай шикізатқа тәуелділіктен арылды деп айтуға әлі ерте екенін жеткізді.

    «Экономикалық өсім халықтың табысынан көрінуі тиіс»

    Экономист қазіргі экономикалық көрсеткіштерді бағалау кезінде үш маңызды мәселеге назар аудару қажет екенін айтты.

    Біріншісі – экономикалық өсімнің сапасы.

    Оның пікірінше, өндіріс көлемінің ұлғаюымен қатар, шығарылатын өнімдердің бәсекеге қабілеттілігіне және олардың халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігіне мән беру керек.

    «Біз сандық көрсеткіштерден сапалық нәтижелерге көшуіміз қажет. Өндіріс көлемін арттыру ғана жеткіліксіз. Импортты алмастыра алатын және сыртқы нарықтарға шығатын бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру маңызды. Егер кәсіпорын көп өнім шығарғанымен, шетелдік жабдықтарға, қосалқы бөлшектер мен технологияларға қатты тәуелді болса, онда өндірісті жергіліктендіру деңгейі әлі де шектеулі болып қалады», – деді ол.

    Екіншісі – еңбек өнімділігі мен халықтың нақты табысы.

    Сарапшының пікірінше, экономиканың дамуы тек жалпы ішкі өнім көрсеткіштерінен емес, азаматтардың әл-ауқатынан да байқалуы тиіс.

    «Экономикалық өсім тек статистикада қалмауы керек. Оның нәтижесін халықтың тұрмысынан көруіміз қажет. Азаматтардың нақты сатып алу қабілеті артып жатыр ма? Жоғары өнімді жұмыс орындары ашылып жатыр ма? Қызметкерлердің табысы өсіп, шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері кеңейіп жатыр ма? Міне, ең маңызды өлшемдер осы», – деді Бекнұр Сейтжанұлы.

    Үшінші мәселе – инвестициялық модельдің тұрақтылығы.

    Экономист құрылыс пен инфрақұрылымға инвестиция салу маңызды болғанымен, экономиканың өсімі тек бюджет шығыстарына, несиелеуге және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға тәуелді болып қалмауы керектігін атап өтті.

    «Біз жеке капиталдың өндіріске, технологияларға, өңдеу өнеркәсібіне, экспортқа және инновацияларға инвестиция салуына қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ұзақмерзімді экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі жеке бизнес болуы тиіс», – деді сарапшы.

    «Халықтық құрылыс» бағдарламасының мүмкіндігі қандай?

    Экономист Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық әлеуетіне де тоқталды.

    Оның пікірінше, бағдарлама тек жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу ісімен шектелмеуге тиіс.

    Бұл бастама отандық өндірісті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, мамандар даярлауға және құрылыс материалдарын жергілікті кәсіпорындарда өндіру үлесін арттыруға ықпал етуі мүмкін.

    «Мен «Халықтық құрылыс» жобасының болашағына ерекше назар аударар едім. Ол жай ғана құрылыс нысандарын салу бағдарламасы емес, отандық өндірісті дамытудың, шағын және орта бизнесті тартудың, кадр даярлаудың және құрылыс материалдарын жергіліктендірудің құралы ретінде жүзеге асырылуы керек. Сонда оның экономикалық әсері құрылыс саласының шеңберінен әлдеқайда кең болады», – деді Бекнұр Қисықов.

    Сарапшы мұндай тәсіл инфрақұрылымдық жобалардың экономиканың өзге салаларына да серпін беруіне мүмкіндік жасайтынын жеткізді.

    «4,5 пайыз – жақсы көрсеткіш, бірақ одан да маңызды міндет бар»

    Бекнұр Қисықов Қазақстан экономикасының қазіргі даму бағытын оң бағалағанымен, экономиканы әртараптандыру үдерісі әлі аяқталмағанын атап өтті.

    Оның пікірінше, тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу үшін үш негізгі нәтижеге назар аудару қажет.

    Біріншіден, отандық өнеркәсіп қосылған құны жоғары өнімдерді көбірек өндіруге тиіс.

    Екіншіден, жеке бизнес инвестиция мен инновацияның дербес көзіне айналуы қажет.

    Үшіншіден, экономикалық өсім халықтың нақты табысының артуымен қатар жүруі керек.

    «Менің басты қорытындым мынадай: Қазақстан табиғи ресурстарды өндіру мен экспорттауға негізделген экономикалық модельден біртіндеп күрделірек әрі әртараптандырылған экономикаға өтіп жатыр. Бірақ бұл үдеріс әлі аяқталған жоқ.

    Тұрақты даму үшін отандық өнеркәсіп қосылған құны жоғары тауарларды көбірек өндіруі, жеке бизнес инвестиция мен инновацияның дербес көзіне айналуы және экономикалық өсім халықтың нақты табысының артуымен қатар жүруі қажет», – деді экономист.

    Ол ел экономикасының болашағы тек бүгінгі өсім қарқынына емес, сол өсімді қамтамасыз ететін өндірістік және институционалдық негіздердің қаншалықты берік қалыптасатынына байланысты екенін жеткізді.

    «4,5 пайыз – жақсы көрсеткіш. Бірақ осы пайыздардың негізінде қандай іргетас қалыптастырып жатқанымыз әлдеқайда маңызды. Қазақстанның міндеті – тек бүгін жылдам өсу емес, мұнай бағасының құбылуына және сыртқы нарықтағы жағдайға қарамастан, ұзақмерзімді әрі тұрақты дами алатын экономика құру», – деп түйіндеді Бекнұр Қисықов.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →