Тоқаев Жарлығымен тіл мен мәдениет қайраткерлері марапатталды
Мемлекет басшысының Жарлығымен тіл мен мәдениет саласының қайраткерлері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, «Ел бірлігі», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталды.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат марапатталды. Марапаттар қатарында құрметті атақ, ордендер мен медальдар бар.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлына (Астана қаласы) берілді.
«Ел бірлігі» орденімен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманұлы Абдрахманов (Астана қаласы) марапатталды.
«Құрмет» орденіне Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі Эльдана Александровна Габерман, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының оқытушысы Анна Александровна Данченко (Алматы қаласы), «А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас ғылыми қызметкерлері Жамал Айтқалиқызы Манкеева мен Қыздархан Құрмашқызы Рысберген (екеуі де Алматы қаласы) лайық деп танылды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының «Кустовое негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұғалімі Максим Александрович Кузнецов, «Bilim Group» компаниялар тобының бас заңгері Бекзада Пәкизадаұлы Әбілқасымов (Астана қаласы), «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорының президенті Ержан Бейсембекұлы Әубәкіров (Астана қаласы) және «BMG UpSkill» компаниясының жоба жетекшісі Анар Құрманжан (Астана қаласы) марапатталды.
«Шапағат» медалі Жамбыл облысы Байзақ ауданының «Юрий Гагарин атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұғалімі Евгений Анатольевич Кравчукке, Көкшетау қаласының қазақ тілі оқытушысы Юлия Николаевна Лагуткинаға, «Qostanai TV» телеарнасының редакторы Анель Витальевна Пимичеваға (Қостанай облысы) және музыкант, әнші Александр Игоревич Фроловқа (Қостанай облысы) бұйырды.
