Шашынан сүйреп, қылқындырған: әйеліне күш көрсеткен ақтөбелік босатылды
Фото: Pixabay
Ақтөбеде бірге тұратын әйеліне күш көрсеткен 26 жастағы такси жүргізушісіне сот үкімі шықты, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Бастапқыда азаптау дерегі бойынша айыпталған ер адамның әрекеті сотта қайта сараланып, ол 12 тәулікке қамауға алынды. Алайда 5 айға жуық тергеу изоляторында отырғандықтан, сот залынан бірден босатылды.
Іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ер адам әйелді ұрып-соққан. Әйел подъезге қашып шығуға әрекеттенгенде, ол жәбірленушіні шашынан ұстап, сүйреген. Кейін тізерлеп құлаған әйелді қылқындырған.
Сот отырысында ерлі-зайыптының ресми некеде тұрмағаны және екі жылдан бері бірге тұрып келгені белгілі болды. Сондай-ақ сотталушының бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды. Алайда әр жолы әйел оны кешіріп, татуласқан.
Бұл жолы да жәбірленуші соттан ер адамды бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сотталушы да тергеу изоляторында отырған кезінде түзелуге бел буғанын айтып, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.
Сот әрекетте азаптау құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, айыпты Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабы бойынша қайта саралады. Нәтижесінде ер адамды 12 тәулікке қамау туралы үкім шығарылды.
Алайда сотталушы тергеу изоляторында 5 айға жуық уақыт өткізгендіктен, жазасын өтеген болып есептеліп, сот залынан босатылды. Сонымен қатар оған жәбірленушіден бір ай бойы бөлек тұру және бір жыл ішінде әйелді аңдымау міндеті жүктелді.
