«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды: банк бөлімшелерінде кезек түзілді
«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. «Отбасы банк» бөлімшелерінде кезек түзілді. Бағдарлама талаптары мен онлайн өтінім мүмкіндігі туралы.
«Отбасы банк» бөлімшелерінің алдында жиналған қалың жұрттың видеолары әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Азаматтар әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, кеңес алу үшін таңертеңнен бастап кезекке тұрған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Желіде жарияланған кадрлардан банктің кіреберісінде жүздеген адамның жиналғанын, ипотека рәсімдеуге ниет білдірушілердің қатары көп екенін көруге болады.
«Ұмай» бағдарламасының негізгі талаптары:
- Бастапқы жарна: 15%-дан басталады;
- Үй таңдау мүмкіндігі: Бастапқы нарықтан (жаңа құрылыс) немесе екінші деңгейлі нарықтан (дайын үй) пәтер сатып алуға болады;
- Қатысушылар: Жұмыс істейтін, ресми табысы бар нәзікжандарға арналған;
- Мақсаты: Әйелдердің баспана жағдайын жақсартуға арналған жеңілдетілген несие тетігі.
Банк мамандарының ескертпесі: Осыған дейін «Отбасы банк» өкілдері азаматтарға филиалдарға барып кезекке тұрмай-ақ, өтінімді банктің ресми сайты, мобильді қосымшасы немесе бейнеқоңырау арқылы онлайн тапсыру мүмкіндігі бар екенін бірнеше рет ескерткен болатын. Мамандар бағдарлама лимиті шектеулі болғандықтан, өтінім қабылдау мерзімі мен талаптарын ресми ресурстардан нақтылап отыруды ұсынады.
