Димаш Құдайберген ұшақтағы әзілімен көпшіліктің көңілін аударды
Димаш Құдайберген Латын Америкасына барар жолда ұшақтағы әзілімен көпшіліктің көңілін аударды. Домбырашылар Темірлан мен Ернаттың парақшасында жарияланған видео.
Фото: видеодан скриншот
Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген қарапайымдылығымен тағы да көпшіліктің ықыласын ұялатты. Әлемдік DIMASH туры аясында Латын Америкасына бет алған әнші ұшақ ішінде достарының тынымсыз еңбегін көрсетіп, өзі туралы әзілдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әншінің гастрольдік сапардағы қызықты сәттері домбырашы Темірлан мен Ернаттың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Бұған дейін қос өнерпаз Димаштың Мадридтегі концертінде күй орындап, испан көрермендерінің ықыласына бөленген еді.
Испаниядан кейін Латын Америкасына аттанған өнерпаздар ұзақ жолдың өзін шығармашылыққа арнаған. Ұшақ ішінде күй шертіп қана қоймай, шығармаларын жаңаша өңдеп, оған сыбызғының үнін де қосып жатыр.
«Гастрольдік сапарлар арасында жол үстіндегі әдемі сәттерімізді, ерекше көңіл күйімізді сіздерге көрсеткіміз келеді. Кейде ең қызықты әрі ұмытылмас сәттер дәл осындай сапарлар арасында өтеді. Алдымызда – Латын Америкасы», – деп жазды домбырашылар.
Жарияланған видеода Темірлан мен Ернаттың жұмыс үстінде отырғанын көрген Димаш әзілдеп, өзін олардың жанында демалып отырған жалғыз адам ретінде көрсетті.
«Менің жұмысым – шай ішіп беру», – деген әнші қолындағы кесесін көрсетіп, күліп алды. Артынша достарының орындауындағы күйді тыңдап, оларға қол соғып, қошемет білдірді.
