Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 3 қараша 2026 $ 453,8↑€ 507,5↓₽ 5,63↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Актер Мұқан Шәкіров дүниеден өтті

    Қазақ театр және кино актері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мұқан Шәкіров дүниеден өтті. Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымы қайғыра көңіл айтты.

    Актер Мұқан Шәкіров дүниеден өтті

    Сурет: madeniportal.kz

    Қазақ театр және кино актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Шәкіров өмірден өтті. Қаралы хабарды Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымы жариялады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    «Қазақ өнерінің абыз ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Шәкірдің дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.

    Мұқан Шәкіров Отырар ауданының Балтакөл ауылында дүниеге келген. Өнер жолын кездейсоқ бастаған ол алғашында Шымкенттегі облыстық театрға сахна декорацияларын құрастырушы болып жұмысқа орналасқан. Кейін актерлік қабілеті байқалып, шағын рөлдерге шақырыла бастаған.

    1967 жылы белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың кеңесімен Алматыдағы консерваторияның театр бөліміне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Талдықорған театрында еңбек еткен. Ал 1981 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрына ауысып, шығармашылық жолын осы сахнада жалғастырған.

    Өнер иесі театр сахнасында жүзге жуық рөл сомдаған. Оның есте қалған образдарының бірі – Сафуан Шаймерденовтің «Марғау үні» қойылымындағы Марғау рөлі. Сондай-ақ сахнада Мұқағали Мақатаев пен Шәмші Қалдаяқовтың бейнелерін сомдаған.

    Актер кино саласында да еңбек етіп, елуге жуық фильмді қазақ тіліне дыбыстауға қатысқан. «Сағыныш», «Табын», «Көшпенділер» және «Алдаркөсе» фильмдеріне түскен.

    Мұқан Шәкіров саналы ғұмырын өнерге арнап, қазақ театр және кино өнерінің дамуына өзіндік үлес қосты.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →