Сенегалда юношелік Олимпиада басталды: Қазақстанды 18 спортшы қорғайды
Сенегалда IV жазғы юношелік Олимпиада ойындары басталды. Қазақстан туын Фатима Супыгалиева мен Алихан Агабек алып шықты, ел намысын 18 спортшы қорғайды.
Фото: НОК РК
Сенегалда IV жазғы юношелік Олимпиада ойындары басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Абдулай Вад атындағы 55 мың көрерменге арналған стадионда өтті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Дәстүрлі рәсімнің бір бөлігі ұлттық делегациялардың шеруі болды. Қазақстан туын ашылуда дзюдошы Фатима Супыгалиева мен жағажай волейболының өкілі Алихан Агабек алып шықты. Екі спортшы да Бахрейнде өткен 2025 жылғы юношелік Азия ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар Фатима Супыгалиева 2026 жылы кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионы атанды.

Жалпы IV жазғы юношелік Олимпиада ойындарына 2000-нан астам спортшы қатысады. Қазақстанды юношелік Олимпиадада 11 спорт түрінен 18 атлет қорғайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы Ойындарда спортшыларды жіберудің жаңа тәртібі қолданылды. Бұған дейінгі юношелік Олимпиадалардан өзгеше, арнайы іріктеу турнирлері арқылы дәстүрлі іріктеу жүйесі пайдаланылмады. Квота-шақыртуларды Халықаралық Олимпиада комитеті халықаралық спорт федерацияларымен бірлесіп, белгіленген қатысу критерийлерінің негізінде бөлді.
Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларында орналасқан кластерлерде өтеді. Ойындар 13 қарашада аяқталады.
Бұған дейін Қазақстандық оқушы Грецияда ағылшын тілінен өткен олимпиадада бірінші орын алған болатын.
