Талғат Орынбасар Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінде қола медаль иеленді
Қазақстандық дзюдошы Талғат Орынбасар Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінде қола медаль иеленді. Ол үшінші орын үшін белдесуде отандасы Елдос Сметовті 10:1 есебімен жеңді.
Сурет: turkystan.kz
Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен дзюдодан Grand Slam халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының екі спортшысы қола медаль үшін өзара белдесті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов пен Талғат Орынбасар арасындағы кездесу 10:1 есебімен аяқталды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Нәтижесінде Талғат Орынбасар Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтен басым түсіп, халықаралық жарыстың қола жүлдесіне қол жеткізді. Ал Елдос Сметов бесінші орынға тұрақтады.
Олимпиада чемпионы турнирдегі алғашқы кездесулерінде Тәжікстан өкілі Мехрзод Суфиев пен Қытай дзюдошысы Ма Юлинді жеңген. Алайда ширек финалда әзербайжандық Балабей Агаевқа есе жіберіп, алтын медаль үшін күресті тоқтатты. Осыдан кейін жұбаныш белдесуінде украиналық Артем Лесюктен басым түсіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Дегенмен шешуші кездесуде өз отандасы Талғат Орынбасарға жол берді.
Талғат Орынбасар Абу-Дабидегі жарыста Ресей өкілі Турпал Хабибулаев пен Ұлыбритания дзюдошысы Чарли Эйрді жеңген. Жартылай финалда ол Тәжікстан спортшысы Лоик Кудбудиновпен кездесіп, жеңіліске ұшырады. Соған қарамастан, қазақстандық балуан қола медаль үшін белдесуге жолдама алып, Елдос Сметовтен басым түсті.
