Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 29 қазан 2026 $ 456,6↑€ 507,8↑₽ 5,67↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Шымкентте тікелей эфирде балағат сөз айтқан әйел қамалды • Қазақстанның 20 өңірінде жаңа форматтағы мектептер салынады • Астанада заңсыз онлайн-казино арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналған • Ақмола облысында көлік қаққан екінші жұмысшы ауруханада көз жұмды • 1,2 млрд теңге шығын: Ақтөбенің жерін қазып, астындағы байлығын жинап алған кәсіпкерлердің былығы анықталды • Құрылтай делегациясы Душанбедегі Орталық Азия парламентаралық форумына қатысты • Шымкентте тікелей эфирде балағат сөз айтқан әйел қамалды • Қазақстанның 20 өңірінде жаңа форматтағы мектептер салынады • Астанада заңсыз онлайн-казино арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналған • Ақмола облысында көлік қаққан екінші жұмысшы ауруханада көз жұмды • 1,2 млрд теңге шығын: Ақтөбенің жерін қазып, астындағы байлығын жинап алған кәсіпкерлердің былығы анықталды • Құрылтай делегациясы Душанбедегі Орталық Азия парламентаралық форумына қатысты •

    Құрылтай делегациясы Душанбедегі Орталық Азия парламентаралық форумына қатысты

    Құрылтай делегациясы Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумына қатысып, өңірлік ынтымақтастық пен Қазақстан реформаларын таныстырды.

    Құрылтай делегациясы Душанбедегі Орталық Азия парламентаралық форумына қатысты

    29 қазанда Душанбеде Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумы өтті. Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация аталған жиынға қатысты. «Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбына арналған форумда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің өкілдері бас қосты.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Спикер жиын қатысушыларына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы баяндады. Ол жаңа Конституцияның қабылданғанына назар аударып, «Заң және Тәртіп» қағидатына, бірлік пен келісімге негізделген Әділетті, Прогрессивті және Қуатты Қазақстанды құрудың негізгі бағыттарын таныстырды. Соңғы жеті жылда Мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде ел экономикасы 30 пайызға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты.

    Сондай-ақ Президенттің кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңыздылығын тілге тиек етті. Аталған құжатта еліміздің түрлі салаларында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу міндеті қойылған. Бұл бастамалар елді жаңғыртып, қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, жаңа жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен ауруханалар салу, ауыл шаруашылығы, көлік және су пайдалану салаларын цифрландыру, энергетика секторын түбегейлі жаңғырту көзделген.

    Құрылтай Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысының бұл бастамалары Қазақстанның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, бүкіл Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімге және ынтымақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

    Кездесуде Айбек Дәдебай бұл форум өңірлік парламенттік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты. Оның пайымдауынша, халықаралық жиын аймақтық тұрақтылықты нығайтуға, Орталық Азияны орнықты бейбітшілік пен ортақ даму кеңістігіне айналдыруға бағытталған.

    – Бүгінде біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерін талқылап отырмыз. Айтылғандардың барлығы Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Қазіргі сын-қатерлерге тек парламенттеріміздің күш-жігерін біріктіріп, заң шығару жұмысын үйлестіріп, ортақ ұстанымдар қалыптастыру арқылы жауап беруіміз керек деп есептеймін. Парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуға тиіс, – деді Құрылтай Төрағасы.

    Сонымен қатар ол мемлекет басшыларының бастамасымен XXI ғасырда Орталық Азияны дамытуға бағытталған достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау процесі басталғанын айтты. Бұдан бөлек, Парламентаралық форум, Орталық Азия мен Әзербайжан елдері әйел көшбасшыларының диалогы, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастық диалогы сияқты алаңдар сәтті жұмыс істеп жатқанын баяндады.

    Талқылау барысында Қазақстан делегациясы өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрақты дамуды қолдауға бағытталған парламенттердің практикалық рөлін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді.

    Атап айтқанда, Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.

    Бұдан бөлек, көші-қонды бақылау мәселесі сөз болып, Қазақстанның осы бағыттағы заңнаманы үнемі жетілдіріп келе жатқаны және өз тәжірибесін өңірдегі басқа елдермен бөлісуге дайын екені айтылды.

    Экономикалық және цифрлық интеграция аясында электрондық сауда, кеден жұмысын электронды түрде басқару, инвестиция, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларында заңнамалық тәжірибе алмасу ұсынылды. Бұл бағыттағы құқықтық кедергілерді жою іскерлік ортаны дамытуға жол ашады. Құрылтай Төрағасының пікірінше, мұндай бірлескен қадамдар Қазақстан Президентінің өңірішілік сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға қажетті жағдай қалыптастырады.

    Форумның негізгі тақырыптарының бірі су және климат қауіпсіздігі болды. Құрылтай депутаттары әріптестерінің назарын Су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны қабылдау жұмыстарын жеделдету қажеттігіне аударды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →