Астанада жаңа әуежай салынады: Президент Жолдауында көлік хабын нығайту міндеттерін атады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанда бірнеше әуежай салынып жатқанын, келесі жылы Астанада жаңа әуежай құрылысы басталатынын айтты.
Қазақстан тарихында алғаш рет бір мезгілде бірнеше әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Президент Қазақстанның көлік-логистика саласын дамыту және елдің Еуразиядағы негізгі көлік хабы ретіндегі орнын нығайту бағытындағы міндеттерге тоқталды.
«Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік хабы ретіндегі позициясын нығайту үшін бірқатар маңызды міндетті орындау қажеттігін атап өтті. Соның ішінде көлік саласын, оның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыруға басымдық берілді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүкқұжаттар арқылы басқарудың тиімсіз екенін айтып, көлік саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын атап өтті.
