Павлодардағы жарыста бапкер спортшы қызды ұрып жіберген
Фото: видеодан скрин
Павлодарда өткен волейболдан балалар мен жасөспірімдер турнирі кезінде Шымкент қаласы волейбол академиясының жаттықтырушысы өз шәкіртіне күш қолданған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға 26 қазан күні болған. Желіде тараған видеоға сәйкес, Шымкент волейбол академиясының бапкері Хамит Мырзабеков ойын кезінде өз командасындағы спортшы қызды ұрып жіберген.
Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«2026 жылғы 26 қазанда Павлодар қаласында өткен жеке клубтар арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігі кезінде орын алған оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында таралуына байланысты Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы ресми түсініктеме беруді қажет деп санайды. Ең алдымен, аталған турнирдің ұйымдастырушысы MYQTYLARORTASY жеке волейбол лигасы болғанын атап өтеміз. Аталған ұйым Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының құрылымына кірмейді және бұл жарыс Федерацияның ұйымдастырушылық құрылымынан тыс өткізілген. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, матч барысында Шымкент қаласының волейбол академиясының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков өз командасының ойыншысына қатысты физикалық күш қолданған», – делінген ақпаратта.
Федерация спорттағы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайтынын атап өтті. Тәртіптік комитеттің шешімімен, жаттықтырушы Хамит Мырзабеков екі жыл мерзімге жарыстардан шеттетілді. Осы кезеңде оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға, сондай-ақ федерация аясында өткізілетін жарыстарға кез келген мәртебеде қатысуға тыйым салынады. Біріншілікті өткізген ұйымға жарыстың ұйымдастырылуы мен тәртібіне тиісті бақылау жасамағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Сонымен қатар Шымкент қаласының волейбол академиясына сөгіс жарияланды.
Павлодар облыстық Полиция департаменті әлеуметтік желілерде таралған волейбол турниріндегі бейнежазбаны назардан тыс қалдырмағанын мәлімдеді.
«Волейбол командасының кәмелетке толмаған қатысушысына жаттықтырушының күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Жаттықтырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауында», – деп хабарлады өңірлік полиция.
