Алматыда тауда адасқан екі жасөспірімді құтқарушылар тауып алды
Алматыда Фурманов шыңында серуендеп адасқан екі жасөспірімді «Барыс» жасағының құтқарушылары тауып, ата-аналарына табыстады.
Сурет: shutterstock.com
Алматы маңындағы Фурманов шыңының аумағында тауға серуендеуге шыққан екі жасөспірім кешке қарай кері қайтар жолды таба алмай қалған. Таңертең шыққан балалар серуен барысында бағытынан жаңылып, соқпақтан адасқан.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Күн батып, айнала қараңғыланғанда олар өздігінен таудан түсе алмайтынын түсініп, анасына хабарласып, көмек сұраған. Осыдан кейін құтқару қызметіне ақпарат беріліп, жасөспірімдерді іздеу жұмыстары басталған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздестіру шараларына Республикалық жедел-құтқару қызметінің «Барыс» жасағы жұмылдырылған. Мамандар алдымен балалардың орналасқан жерін анықтап, кейін сол бағытқа аттанған.
Құтқарушылар таулы аймақты тексеру барысында екі жасөспірімді тауып, оларды қауіпсіз жерге алып түскен. Абырой болғанда, балалардың денсаулығына зиян келмеген, медициналық көмек қажет болмады.
Құтқару жұмыстары аяқталған соң жасөспірімдер Қимасар шатқалындағы алғашқы бақылау-өткізу бекетіне жеткізіліп, ата-аналарына табысталған.
