Нұртас Оңдасыновтың туғанына 122 жыл толды
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 122 жыл толды. Оның өмір жолы, қызметі мен марапаттары туралы.
Сурет: sn.kz
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туған күні. Ол 1904 жылы дүниеге келіп, 1989 жылы өмірден өтті. Биыл оның туғанына 122 жыл толып отыр.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Нұртас Оңдасынов Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында туған. 1920-1926 жылдары Ташкенттегі қазақ мектеп-интернатында тәрбиеленіп, Түркістан орман техникумында білім алған. Кейін БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1926-1930 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығында орманшының көмекшісі, су шаруашылығы бөлімінің статисі, Жамбылдағы Талас зерттеу партиясының кіші технигі, Шымкент облыстық су шаруашылығы бөлімінің технигі қызметтерінен бастаған.
1931-1938 жылдары Ташкент ирригация институтының бөлім меңгерушісі, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашылығы тресі директорының орынбасары әрі директоры, Қазақ КСР Жер халкоматы басқармасының бастығы болды. 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
1938-1951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. 1954-1962 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, сондай-ақ Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы және Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.
Ол ұлттық кадрлар дайындауға зор көңіл бөлген. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясын құруға атсалысқан. 1962 жылдан бастап Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналысты. Араб-қазақ және парсы-қазақ түсініктеме сөздіктерінің авторы.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған. Туған ауылына, ондағы орта мектеп пен көшелерге оның есімі берілген. 2021 жылы Алматы қаласында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнатылды.
