АҚШ-тағы 108 жастағы қария ұзақ өмір сүру құпиясымен бөлісті
АҚШ-тың Орегон штатындағы ең қарт ер адам Берил Диллман 108 жасқа толды. Ол ұзақ өмір сүру құпиясын айтып, дұрыс тамақтану мен оң көзқарастың маңызын атап өтті.
Сурет: Видеодан скриншот
Америка Құрама Штаттарының Орегон штатында тұратын ең қарт ер адам Берил Диллман 108 жасқа толды. Ол ұзақ ғұмыр кешудің сырын айтып, дұрыс тамақтану мен өмірге деген оң көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Бұл жайында Good News Network басылымы жариялады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қарияның туған күні Юджин қаласындағы Merrill Gardens қарттар үйінде аталып өтті. Мерекеге оның туыстары мен жақындары жиналды. Сонымен қатар Берил Диллман жаңа туған шөбересі Беллами Стерджеспен кездесті. Қазіргі таңда оның 19 шөбересі бар.
108 жастағы қария жүру үшін арнайы құрылғыны пайдаланғанымен, ойлау қабілеті жақсы сақталған. Ол сондай-ақ әнді де тамаша орындайды.
Берил Диллман ұзақ өмір сүруінің басты себептерінің бірі ретінде тамақтану тәртібін атады. Оның айтуынша, ол үнемі жейтін тағамына мән беріп, алкогольден толықтай бас тартқан. Қария артық тамақтанбауға, айтқан сөздері мен жасаған әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға кеңес берді.
Ал туыстары оның ұзақ жасауының сыры өмірге деген құштарлығында деп санайды. Қарияның 72 жастағы қызы Рут Стерджестің сөзінше, әкесі әрдайым айналасына сүйіспеншілік танытып, өмірдің қиындықтарына шағымданудың орнына оларды шешуге тырысады.
Жақындарының айтуынша, Берил Диллманның өмірге деген оң көзқарасы мен сабырлы мінезі оның басты ерекшеліктерінің бірі.
