Алматыда жүргізуші бірнеше көлікті соғып, тротуардағы екі бозбаланы қағып кетті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысындағы Көксай ауылында Honda CRV мінген жүргізуші бірнеше көлікпен соқтығысып, тротуарда кетіп бара жатқан екі жасөспірімді қағып кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Адам шошырлық оқиға 2 қазан күні сағат 11:00 шамасында болған. Видеоға назар аударсақ, Honda CRV алдымен Toyota Camry көлігіне соқтығысып, артынша тротуарда кетіп бара жатқан екі жасөспірімді қағып кетеді. Оқиға мұнымен бітпей, ол ары қарай тағы бір көлікке барып ұрынды.
Белгілі болғандай жасөспірімдердің екеуі де зардап шекті. Олар түрлі жарақат алып, есеңгіреп қалған.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
«Тергеу аясында қажетті алғашқы процессуалдық іс-шаралар жүргізілді. Жүргізуші ұсталып, изоляторға қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтап, заң талаптарына сәйкес қажетті шаралар қабылданып жатыр», – делінген ПД хабарламасында.
