Португалия құрамасындағы №7 жейде Рафаэл Леауға берілді
Португалия құрамасының атақты №7 жейдесі Рафаэл Леауға берілді. Криштиану Роналду жиыннан кеткен соң, Данияға қарсы матчта Леау осы нөмірмен ойнауы мүмкін.
Сурет: Chris Brunskill/Fantasista/Getty Images
Португалия құрамасының ұзақ жылдар бойы Криштиану Роналду киіп келген атақты №7 жейдесі енді Рафаэл Леауға тиесілі болды. Бұл туралы Данияға қарсы матчқа арналған ресми тізімде айқын көрініс тапты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Еуропа футбол қауымдастығы жариялаған тізімде Рафаэл Леау дәл осы №7 нөмірмен тіркелген. Бұған дейін ол ұлттық құрама сапында басқа нөмірлермен ойнап жүрген болатын.
Аталған өзгеріс Криштиану Роналдудың Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынынан кенеттен кетуінен кейін орын алды.
41 жастағы шабуылшы бұған дейін Норвегиямен болған кездесуде алаңға шықпаған еді. Кейіннен бас бапкер Жорже Жезуш Роналдудың негізгі құрамға ілікпегеніне наразылық білдіргенін мойындады. Алайда ол команда ішінде үлкен жанжал туындағанын жоққа шығарды.
Осыдан соң Роналду Португалия футбол федерациясының президентімен тілдесіп, құрама жиынынан кету жөнінде шешім қабылдағанын жариялады.
Ол бұл қадамның нақты себебін кейінірек айтатынын жеткізіп, «уақыты келгенде шындықты айтамын» деп мәлімдеген болатын.
Ал Рафаэл Леау енді Данияға қарсы кездесуде Португалия құрамасының №7 жейдесімен алаңға шығуы мүмкін.
