Қазақстан кикбоксингтен әлем чемпионатында 25 алтын медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Италияның Джезоло қаласында өткен WAKO әлем чемпионатында 25 алтын медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты.
Photo : Туризм және спорт министрлігі
Қазақстан құрамасы 18-27 қыркүйек аралығында Италияның Джезоло қаласында өткен балалар, кадеттер және жасөспірімдер арасындағы WAKO әлем чемпионатындағы өнерін сәтті аяқтады. Отандастарымыз рингтік дисциплиналардың медаль есебінде үздік нәтиже көрсетті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар қоржынын 66 медальмен толтырды. Хабарламада атап өтілгендей, «Осы 25 алтын жүлденің арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте сенімді түрде бірінші орынға шықты. Екінші орынға 12 алтыны бар Сербия жайғасса, үшінші сатыға 10 алтын еншілеген Әзербайжан тұрақтады».
WAKO әлем чемпионатының рингтік бағдарламасына фулл-контакт, лоу-кик және K1 дисциплиналары кіреді. Италиядағы додада әртүрлі жас санаттарындағы спортшылар – балалар, кадеттер және жасөспірімдер әлем чемпионатының жүлделері үшін бақ сынады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы рингтік дисциплиналар бойынша әлем чемпионатын 25 чемпион атағымен және жалпы есептегі көшбасшылықпен қорытындылады. Алтын медальдар саны бойынша ұлттық құрамамыз ең жақын қарсыласын екі еседен астам артық басып озды.
