Димаш Құдайберген Ақтаудағы сарбаздардың қазасына көңіл айтты
Димаш Құдайберген Ақтауда қаза тапқан 18-19 жастағы әскери қызметшілерге көңіл айтып, әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады.
Сурет: Әлеуметтік желіден
Әлемге аты мәшһүр қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ақтауда қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты көңіл айту жазбасын жариялады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында 18-19 жастағы сарбаздардың қазасына қатысты ауыр қайғысын жеткізді.
«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені… Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін. Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын. Е Алла, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдынан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын… Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын. Қош болыңдар, бауырларым», – деп жазды Димаш Құдайберген.
