Жетісуда машинист айдалада жоғалған баланы құтқарып қалды
Жетісу облысы Матай станциясында машинист Дәулет Өсербай далада жоғалған баланы құтқарып қалды. Ол жүк пойызын тоқтатып, баланы аман алып қалған.
Сурет: Видеодан скриншот
Жетісу облысындағы Матай станциясында теміржол машинисі Дәулет Өсербай далада адасып жүрген кішкентай баланы құтқарып қалды. Бұл туралы теміржолшы Sputnik.kz тілшісіне баяндаған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Машинист баланы шамамен 150-200 метр қашықтықтан байқаған. Сағатына 38 шақырым жылдамдықпен келе жатқан жүк пойызын тоқтатып, оны аман алып қалған.
«Сарыөзек бекетінен Үштөбеге қарай бет алғанбыз. Сол тұста Айнабұлақ деген разъезд бар. Екеуінің арасында далада бір кішкентай баланы байқап қалдық. Жүк пойызын тоқтатып, баланы өзімізге шақырдық. Ол жақындай берді. Алдынан шығып көтеріп алдым. Өзінің, сосын әкесінің ғана атын біледі», — дейді машинист Дәулет Өсербай.
Бала әбден қорқып қалған.
«Баланы алып кетіп, пойыз диспетчеріне хабарластық. „Бекет кезекшісіне хабарлаңыз, бала тауып алдық“ дедік. Олар полиция бөліміне хабарласқан. Бірінші тұрған бекет 6 шақырым жерде. Бала шамамен 5 шақырым алыстап кеткен», — дейді машинист.
Теміржолшының айтуынша, баланың қанша сағат адасып жүргені белгісіз.
«Әбден жылап, екі иығы селкілдеп, өкси береді. Адам жатырқамайды екен, бізден қорықпайды, қашпады да. Түрі аянышты, жанымның ашығаны-ай!», — дейді теміржолшы.
34 жастағы Дәулет Өсербай тепловоз жүргізгеніне 15 жыл. Жол бойында мал көп, бірақ бұрын-соңды адам кездескені болмапты дейді. Ел ішінде айтылатын әруақты да кездестірген емеспін, дейді ол.
Дәулет Өсербай сол күні Әлішер Ізтілеу деген көмекшісімен болған, Матай теміржол бекетінде жұмыс істейді. Дәулет Өсербай екі баланың әкесі, бірі — 3 жасар, бірі — 1 жасар.
