Тоқаевқа Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның инвестициялық жобалары таныстырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды: Алматыда автобөлшектер өндірісі, Қостанайда KIA локализация орталығы және басқа да бастамалар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Корея Республикасының экономиканың түрлі саласында жүзеге асырылатын бірлескен инвестициялық жобалары туралы мәлімет берілді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ұсынылған бастамалардың бірі — Алматы қаласында жергілікті автобөлшектер өндірісін ашу. Жоба аясында отандық автозауыттардың сұранысына сай көліктің бәсеңдеткішін, орындық қаптамасын, еден жабыны мен сымдар будасын, сондай-ақ дөңгелек дискілерін шығару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай қаласында KIA компаниясының Локализация орталығы ашылатыны баяндалды. Онда есік панельдері, орталық консольдар, орындықтар, төбе және еден қаптамалары, бамперлер мен автомобильдің басқа да бөлшектері өндірілмек.
Бұдан бөлек, Президентке медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагностика жүйелерін шығару, Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медицина технологиялары қолданылатын көпбейінді аурухана салу, дрондар құрастыру секілді маңызды жобалар көрсетілді.
