Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалына шықты
Қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Астанадағы күрестен әлем чемпионатының жартылай финалында Жапония өкілін 3:1 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Фото: ҰОК
Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда жеңіске жетті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз жартылай финалда Жапония өкілі Йошиносукэ Аоягимен кездесті. Қазақстандық еркін күрес шебері қарсыласын 3:1 есебімен жеңді.
Осылайша, Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Алтын медаль үшін өтетін белдесуде оның қарсыласы ресейлік Иналбек Шериев болмақ.
Финалдық белдесу ертең, 1 қарашада өтеді. Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасы үшін биылғы әлем біріншілігіндегі алғашқы финал.
