Платформалық жұмыспен қамту қағидаларының жобасы қоғамдық талқылауға шықты
Еңбек министрлігі платформалық жұмыспен қамту қағидаларының жобасын «Ашық Үкімет» порталында жариялады. Құжат 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда.
Фото: pexels
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының жобасы «Ашық Үкімет» порталында әзірленді. Құжат Әлеуметтік кодекстің 102 және 102-1-баптарына сәйкес дайындалған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жобаны әзірлеуге бірнеше фактор түрткі болған. Олардың қатарында платформалық жұмыспен қамту тәртібін біріздендіру, интернет-платформа операторлары, тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы қарым-қатынасты реттеу, сондай-ақ осы саладағы қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі бар.
Бұйрық жобасы қабылданған жағдайда бірқатар нәтижеге қол жеткізіледі:
— платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асырудың бірыңғай тәсілдері қалыптастырылады;
— интернет-платформалар арқылы жұмыс істеу шарттарының ашықтығы қамтамасыз етіледі;
— орындаушылардың интернет-платформаларды пайдалану шарттары туралы хабардар болу деңгейі артады.
Құжат 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.
