Президент Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрағасының есебін тыңдады
Президент қаржы нарығын реттеу агенттігі төрағасының есебін тыңдап, қаржы тұрақтылығы мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде биылғы сегіз айдағы қаржы нарығын реттеу мен дамыту жұмыстарының қорытындысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толығымен жаңарғанын, 80 нормативтік-құқықтық акті қабылданғанын баяндады. Банк активтері 75,6 триллион теңгеге дейін өсіп, 6,9 пайызға ұлғайған. Капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Агенттік қадағалау шаралары аясында сегіз айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізілген. Сонымен қатар 190 қадағалау шарасы қолданылып, 465 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы 13 субъект лицензиясынан айырылса, алтауының лицензиясы уақытша тоқтатылған. Төрт коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.
Сонымен қатар халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту шаралары туралы мәлімет берілді. Бизнеске берілген кредиттер 3,5 пайызға артып, 16 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға өсіп, 12,5 триллион теңгені құраған. Реттеу шараларының нәтижесінде жеті ай ішінде тұтынушылық несие өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Биыл шілде айынан бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisimkz платформасы іске қосылды. Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.
Мемлекет басшысына Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы жайында есеп берілді.
Қаржы секторын цифрландыру және оған жасанды интеллектіні енгізу туралы ақпарат ұсынылды. Агенттік жасанды интеллект технологиясына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін Қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленбек. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.
Мемлекет басшысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
