Президент Тоқаев көшпенділер ойындары барысын қадағалап отыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысын қадағалап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фото: gov.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің басшыларымен бірге Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысып, жарыстардың өту барысын тұрақты назарда ұстап отыр. Бұл жайында ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ойындардың ашылу рәсіміне қатысқан Президент Қазақстан атынан қатысушыларға жылы лебізін жеткізді. Ол Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арқылы спортшыларға достық пен әділдік рухында өтіп жатқан бәсекеде жарқын жеңістер тіледі.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы бапкерлер мен чемпиондарға алғысын білдіріп, ұлттық құраманың ортақ табысына үлес қосқан әрбір азаматтың еңбегі лайықты бағаланатынын атап өтті.
