Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы конкурстарындағы заңбұзушылықтарды анықтады
Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы конкурстарындағы заңбұзушылықтарды анықтап, 10 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты.
Фото: inbussines
Қазақстанның көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығын беру кезінде өткізілген конкурстардың заңдылығын тексерді. Тексеру барысында кейбір өңірлерде қатысушылардың құқықтары шектеліп, жекелеген тасымалдаушыларға негізсіз артықшылық берілгені анықталды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Прокуратура мәліметінше, мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнамаға қайшы келіп, жолаушылар тасымалы нарығындағы әділ бәсекелестікке нұқсан келтірген.
Тексеру нәтижесінде прокурорлық қадағалау шаралары қабылданып, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары және жергілікті атқарушы органдардың бірнеше басшысы бар.
«Лауазымды тұлғалардың кейбіріне атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Қалғандарына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында заң талаптарының сақталуын және конкурстардың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуді жалғастыратынын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар тасымалдаушылар арасында тең бәсекелестікті орнатып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.
