Оралда бұрынғы күйеуіне пышақ сұққан әйел сотталды
Фото: Pixabay
Орал қалалық соты бұрынғы жұбайына пышақ жарақатын салған әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл наурыз айынан бері бірге тұрған ерлі-зайыптының арасында болған жанжалдан кейін орын алған. Әйел сол сәтте мас күйінде болған. Кикілжің кезінде ол ас үй пышағын алып, ер адамның оң жақ жауырын тұсына бір рет соққы жасаған.
Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген. Сотталушы кінәсін толық мойындады.
Сот жаза тағайындау барысында оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Сот үкімімен әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда жазаны өтеу мерзімі 1 жылға кейінге қалдырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.
