Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 31 тамыз 2026 $ 464,4 538,0 5,40
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Алматы судьясы $55 млн үшін қызметінен айырылды

    Алматы судьясы Майгүл Құлдыбай ресейлік фирма пайдасына $55 млн өндіріп беру туралы күмәнді шешім шығарғаны үшін қызметінен қуылды. Іс материалдарында өрескел қателіктер анықталды.

    Алматы судьясы $55 млн үшін қызметінен айырылды

    Фото: magnific.com

    Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Майгүл Құлдыбай ресейлік фирманың пайдасына $55 млн өндіру туралы күмәнді шешім шығарғаны үшін қызметінен қуылды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Сот қазысы жаздың басында қызметінен шеттетілген. Козачковтың дерегінше, ол Сот жюриінің шешімімен тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мамандығынан қуылған.

    Майгүл Құлдыбай дауды мәні бойынша қарамаған. Ол тек Мәскеудегі арбитраж сотының қаулысын негізге алып, қазақстандық банктен ресейлік компанияның пайдасына 4,4 млрд рубль (шамамен $55 млн) өндіріп беру туралы өтінішті қанағаттандыра салған. Осылайша судья көрші елдің арбитраж шешімін заңдастырған.

    Журналист іс материалдарында бірнеше өрескел қателік бар екенін алға тартады:

    • Судья өтініш түскен күні-ақ оны қарап, бірден шешім шығарған. Экономикалық соттың жүктемесіне байланысты бұған әдетте шамамен бір ай уақыт кетуі керек.

    • Жауапкер тарап саналатын қазақстандық банк сот отырысына шақырылмаған, оларға мүлдем хабарлама берілмеген.

    • Іс материалдарында құжаттардың түпнұсқасы емес, тек сканерленген көшірмелері ғана болған.

    • Сот әкімшілігінің маманы өтінішті автоматты бағдарлама арқылы бөлмей, қолмен тікелей Майгүл Құлдыбайға табыстаған. Бұдан кейін әлгі қызметкер шұғыл түрде жұмыстан шығып кеткен.

    • Судья шетелдік фирма өкілінің сенімхаты болмаса да, хатшыға орындау парағын беруді бұйырған.

    Кейінірек бұл дау бойынша апелляциялық шағым қаралған. Сол кезде Мәскеу арбитраж сотының қаулысы Қазақстан аумағында мәжбүрлі түрде орындалатын шетелдік сот актілерінің тізіміне кірмейтіні анықталған.

    Нәтижесінде ресейлік компанияның өтінішін қанағаттандырудан бас тартылып, судья жұмысынан айырылды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →