Абай облысы полицейлері SMS-бомбингтен сақтануға шақырды
Абай облысы полицейлері SMS-бомбингтен сақтану жолдарын түсіндірді: кодтарды ешкімге бермеу, авиарежимді қолдану, операторға хабарлау.
Фото: polisia.kz
Абай облысының тәртіп сақшылары тұрғындарды жаппай SMS-хабарламалар түсетін «СМС-бомбинг» жағдайында сақ болуға үндеді. Мұндай шабуыл кезінде телефонға қысқа уақыт ішінде көптеген хабарлама келуі мүмкін. Олардың ішінде әртүрлі сервистерге тіркелу туралы ескертпелер, жарнамалық ұсыныстар және кіру кодтары болуы ықтимал, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Осындай жағдайда алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, жаппай SMS-шабуылды анықтағанын айтып, абонентке «антиспам» қызметін қосуды ұсынып, келген SMS-кодты сұрауы мүмкін.
SMS арқылы келген растау кодын ешкімге беруге болмайды. Мұндай кодтар аккаунтқа кіруді немесе белгілі бір операцияны растау үшін пайдаланылуы мүмкін. Егер телефонға қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде хабарлама келсе, сабыр сақтап, кодтарды ешкімге хабарламаған жөн. Қажет болған жағдайда телефонды уақытша авиарежимге ауыстырып, мобильді байланыс операторына хабарласып, жағдай туралы ақпарат беріңіз, делінген хабарламада.
Егер SMS-код бөгде адамға айтылып қойса, тиісті сервиске, банкке немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.
