Ербол Адаев Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды
Фото: 4vlastinfo.kz
Мемлекет басшысының өкімімен Ербол Дәненұлы Адаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бұл туралы Ақорданың Telegram арнасында жарияланды.
Тиісті өкімге Президент қол қойды.
Ербол Адаев бұл қызметке 2025 жылғы 17 ақпанда тағайындалған еді. Оған дейін Президент Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімін басқарған.
Ербол Дәненұлы Адаев 1978 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Қазақстан тарихы» мамандығы бойынша, кейін Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы Қостанай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бастаған. Кейін Қостанай облысы әкімдігінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратында түрлі қызметтер атқарған. 2022-2025 жылдары Президент Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімін басқарды.
