Түркістан облысында суға кеткен баланың денесін іздеу қайта жанданды
Түркістан облысында суға кеткен сегіз жасар баланың денесін іздеу қайта жанданды. 90-нан астам адам Келес өзенін тінтуде.
Сурет: turkystan.kz
Түркістан облысында көктемде суға кеткен баланың денесін іздеу жұмыстары қайта басталды. 23 наурызда Келес өзеніне құлаған сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбекті құтқарушылар мен еріктілер 73 күн бойы іздеген еді. Алайда нәтиже болмаған соң, ресми түрде іздестіру тоқтатылған болатын. Қазір ата-анасының өтінішімен оқушының мәйітін табу үшін құтқарушылар қайта жұмылдырылып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Бұл жолы іздеу жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушыларына қосымша жамбылдық әріптестер де тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен мұғалімдер де қатысуда. Еріктілер мен баланың туыстарын қосқанда, жалпы саны 90-нан асатын адам Құрылыс ауылы маңынан бастап Келес өзенінің түбі мен жағалауын толығымен қарап шығуда.
Іздеу барысында адам күшінен бөлек, құтқару катерлері, эхолоттар, ұшатын дрондар және су асты дрондары да қолданылуда.
Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Әлихановтың айтуынша, бала құлаған жерден 30 шақырым қашықтықта су асты сүзу жұмыстары жүргізілген. Өзеннің екі жағалауын жеке құрам толық тексеріп шыққан. Сондай-ақ 31 шақырым аумақ дрон көмегімен зерттелсе, терең жерлер су асты дронымен 31 рет қайта қаралған. Қазіргі уақытта құлаған жерден шлюзге дейінгі аралық толық тексерілді.
