Тоқаев: Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында білім саласына ерекше мән берілгенін айтып, Құрылтай сайлауының нәтижелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында ұстаздарды құттықтап, білім саласындағы маңызды міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
«Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға. Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды».
Сондай-ақ Президент бүкіл билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын атап өтті. Ол алғашқы Құрылтай сайлауының нәтижелері шыққанын, бұл маңызды саяси науқанның бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарғанын, сайлау үдерісіне жасанды интеллект технологиясы енгізілгенін, бұл науқанның сапасын арттырғанын айтты. Шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары болғанын, халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындап, оның ұлттық заңнамаға сай өткенін атап өткенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойғанын, алқалы жиын 28 тамызда өтетінін, оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттар тізімін әзірлеуі тиіс екенін айтты.
Президент Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін атап өтті. Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енгенін, олардың қатарында қабілетті жастар мен Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар екенін айтты. Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскенін, халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдарға бәріне бірдей мүмкіндік берілгенін жеткізді. Бұл қалыпты, эволюциялық үдеріс екенін атап өтті. Саяси партиялардың белсенділігін, идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өткісі келетінін білдірді. Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылғанын, сайлаушылардың да бұл жұмыстан тыс қалмай, әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіргенін айтты. Бұл ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалғанын жеткізді. Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып, жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатқанын атап өтті.
