Шымкенттегі дендросаябақта жасөспірім пышақталып, ауруханаға жеткізілді
Шымкенттегі дендросаябақта болған жанжалда жасөспірім пышақталып, ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалып, заңды өкілдерді жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
Сурет: turkystan.kz
Шымкенттегі дендросаябақта жылжымалы дәмхана маңында болған жанжалда жасөспірім пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Kazinform деректеріне сүйенсек, оқиға 17 тамыз күні кешке қалалық дендросаябақтың кіреберісінде орын алған. Әлеуметтік желілерде жанжалдан кейінгі фотосуреттер тараған. Жазба авторының айтуынша, жанжалға фудтракта жұмыс істейтін кәмелетке толмағандар қатысқан.
«Кешке Шымкенттегі дендросаябаққа барып, осындай жағдайды көрдік. Кіреберіс жанындағы кассаның қасында фудтрак қызметкерлері бір-бірін аяғынан пышақтап жаралаған. Бұл не деген бассыздық? Ата-аналары мен басшылығы қайда қарап отыр? Балалар кәмелетке толмаған, ересектерсіз, қолдарында пышақ болған», — делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Шымкент қаласы полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомство мәліметінше, дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиғаға қатысушылар анықталды. Жарақаттанған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы, жанжалдың себептері анықталып жатыр», — деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр. «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданады», — деп мәлімдеді полиция.
