Атырауда белгісіз компания көпқабатты үйді трактормен құлатпақ болған
Фото: Видео скриншот
Атырауда жылдар бойы аяқсыз қалған «Baisanat Residence» тұрғын үй кешенінің қаңқасын арқанмен байлап, трактормен тартқылап құлатуға тырысып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Құрылыс басындағы бұл қауіпті әдіс тұрғындардың үрейін ұшырып, қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуына байланысты үлкен сұрақ туғызды. Әкімдік өкілдері бұл аяқталмаған нысанды «танымал құрылыс компаниясы» сатып алғанын растағанымен, оның атын неге екені белгісіз жасырып отыр.
Төменгі бағандары тілініп, қисайған көпқабатты ғимарат әлі де құламай, айналаға төнген қауіп айтарлықтай арта түсті. Шаһардағы заңсыз әрі қауіпті демонтаж жұмыстарына ресми мекемелер тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай нақты түсініктеме берілген жоқ.
Жұртшылық әкімдік жасырған беймәлім компанияның бұл жауапсыз әрекетіне шұғыл заңды баға берілуін талап етеді.
