Сотқа дейінгі тергеу басталды: Ақтауда Toyota Prado көлігінен 256 келі бекіре балығы табылды
Фото: Polisia.kz
Маңғыстау облысында полиция бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына жол берген жоқ. Ақтауда тоқтатылған Toyota Prado көлігінің жүксалғышынан жалпы салмағы жүздеген келі болатын бекіре тұқымдас балық тәркіленді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Облыстық ПД мәліметінше, 8 тамыз күні Ақтау қаласында табиғатты қорғау полициясы мен қалалық полиция қызметкерлері Toyota Prado автокөлігін тоқтатты. Көлікті тексеру барысында жүксалғыштан жалпы салмағы 256 келі болатын 62 бекіре тұқымдас балық анықталды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Браконьерлік және балық өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасады.
