Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 27 тамыз 2026 $ 457,6 534,0 5,47
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Әдебиет пен өнерді насихаттаудың жаңа ордасы: «Анаға құрмет» музейінде қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

    Әдебиет пен өнерді насихаттаудың жаңа ордасы: «Анаға құрмет» музейінде қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

    Әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, этнофестивальдер, көшпелі көрмелер және заманауи цифрлық жобалар. Бүгінде «Анаға құрмет» музейі дәстүрлі музей ұғымынан асып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ірі мәдени-ағартушылық орталыққа айналып келеді. Мұнда өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын жаңа бастамалар жүзеге асырылып жатыр, жазады Qazaqtoday.info.

    Музей меңгерушісі Гүлнар Әбіштің айтуынша, мекеме тек тарихи жәдігерлерді сақтаумен шектелмей, ұлттық әдебиет пен өнерді насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр.

    Биыл музейде қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына арналған бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Соның ішінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэзия кештері мен әдеби кездесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ақындар Олжас Сүлейменов пен Марфуға Айтқожинаның шығармашылығына арналған көрмелер мен тағылымды кездесулер көпшілік назарына ұсынылып келеді.

    Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау да музей жұмысының маңызды бағытына айналған. Осы мақсатта жас ақындардың басын қосқан әдеби кездесулер, ұлттық мәдениетті жаңғыртуға арналған этнофестивальдер, дәстүрлі киім үлгілерін таныстыратын сән көрмелері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай жобалар жас ұрпақтың ұлттық болмысқа деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.

    Ұлттық мұраны сақтау ісі де жүйелі жалғасуда. Музей қорына қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі мен рухани өмірін бейнелейтін құнды жәдігерлер қабылданып, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Әрбір тарихи бұйымның шығу тарихын зерделеп, келушілерге кеңінен таныстыру музей мамандарының басты міндеттерінің бірі саналады.

    Ұлттық құндылықтарды ел ішінде кеңінен насихаттауға бағытталған «Аналардың аманаты» көшпелі көрмесі де өз жалғасын тауып отыр. Жоба арқылы ананың қоғамдағы орны, қазақы тәрбие мен салт-дәстүрдің мәні әр өңірдегі тұрғындарға таныстырылуда.

    Музей жұмысына цифрлық технологияларды енгізу де жаңа деңгейге көтерілген. Мемлекет басшысы жариялаған «2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» бастамасы аясында музейдің үш тілде жұмыс істейтін ресми сайты іске қосылды. Соның арқасында қордағы сирек жәдігерлер мен мәдени жобалар туралы мәліметтер көпшілікке онлайн форматта қолжетімді болды.

    Алдағы уақытта экспозициядағы барлық жәдігерге QR-код орнату жоспарланған. Бұл жүйе арқылы келушілер әрбір экспонаттың тарихымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныса алады. Мұндай жаңашылдық музей қызметін заман талабына бейімдеп қана қоймай, ұлттық мұраны әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

    Гүлнар Әбіштің сөзінше, музейде мәдени-ағартушылық шаралар жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылады. Ай сайын әдеби кештер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, шығармашылық кездесулер мен көшпелі экспозициялар өткізіліп, оған ақын-жазушылар, ғалымдар, суретшілер және қоғам қайраткерлері қатысады.

    Бүгінде «Анаға құрмет» музейі ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды сақтайтын ғана емес, оларды жаңа технологиялар мен заманауи форматтар арқылы қоғамға кеңінен насихаттайтын маңызды мәдени орталыққа айналып отыр. Бұл бастамалар ұлттық мұраны келер ұрпаққа заманауи үлгіде жеткізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені анық.

    Фото: Гүлнар Әбіштің жеке мұрағаты

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →