Түрмеде ақша бопсалаған: ШҚО-да сотталғандарға тағы үкім шығып, жазалары ауырлады
Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеушілер арасында ақша бопсалау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бас прокуратура жүргізген қадағалау барысында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №22 мекемесінде ақша бопсалау фактісі анықталған. Осыған байланысты қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне алынған.
Тергеу барысында сотталғандар Ж. мен К.-ның 2025 жылдың шілде-қараша айлары аралығында жаңадан келген сотталған М.-дан күш қолданамыз деп қорқытып, «қамқорлық» көрсеткені үшін ақша талап еткені белгілі болды.
Арнайы прокурорлар күдіктілердің кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды жинап, істі сотқа жолдаған.
2026 жылғы 29 шілдеде Глубокое аудандық соты екі сотталушыны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бұрынғы жаза мерзімдерін ұзарта отырып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Коллаж: aikyn.kz Елдар Қаба
