Бауыржан Урынбасаров Дарбаза-Мақтаарал темір жол құрылысын тексерді
ҚТЖ басшысы Бауыржан Урынбасаров Дарбаза-Мақтаарал темір жол желісінің құрылысын тексеріп, жұмыс кестесін қайта қарауды тапсырды. 57 км жол төселді, 1200 маман жұмыс істейді.
Сурет: tengrinews.kz
Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Урынбасаров Дарбаза – Мақтаарал жаңа темір жол желісінің құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Жұмыс сапары барысында жобаның іске асыру қарқыны, нысанның техникамен, материалдармен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ құрылыс сапасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері қаралды. Ердаут және Мақтаарал станцияларының құрылыс барысы бағаланып, бас мердігермен кездесулер өткізілді.

Ұлттық компанияның мәліметінше, бүгінгі күні 57 шақырым басты және станциялық жолдар төселген. Нысанда негізінен Түркістан облысының тұрғындары болып табылатын 1 200-ден астам маман және 800-ден астам бірлік арнайы техника жұмыс істейді. Құрылысты жеделдету үшін Бауыржан Урынбасаров рельс-шпал торын тігу қарқынын арттырып, тәуліктік жол төсеу көлемін 1 500 метрге жеткізуді тапсырды.

ҚТЖ басшысы өндірістік кестені қайта қарауды, дренаж топырағын төгуді жеделдетуді, арнайы техника санын көбейтуді, құрылыс материалдарын тәулік бойы жеткізуді ұйымдастыруды, көпірлер мен су өткізгіш құбырлардың құрылысын уақытылы аяқтауды және нысанда тәуліктік жұмыс режимін қамтамасыз етуді тапсырды.
Шекара маңы Мақтаарал станциясының құрылысына ерекше көңіл бөлінді, ол шекара, кеден қызметі және басқа мемлекеттік бақылау органдарының инфрақұрылымын қамтиды.
Бауыржан Урынбасаров жаңа желі бойынша пойыздардың жұмыс қозғалысын ашуды 2026 жылдың қарашасынан қазанына ауыстыруды тапсырды. ҚТЖ филиалдарының басшыларына жергілікті атқарушы органдармен және Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай аудандарының жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, темір жол инфрақұрылымы нысандарында жұмыс істеу үшін жергілікті мамандарды даярлау, оқыту және жұмысқа орналастыруды жандандыру тапсырылды.
Ұлттық тасымалдаушының деректері бойынша, желі пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 400 тұрақты жұмыс орны құрылады. Жаңа темір жол желісі Мақтаарал және Жетісай аудандарын ҚТЖ негізгі желісімен тікелей байланыстырып, Сарыағаш шекара маңы станциясына жүктемені шамамен 40 пайызға төмендетеді, «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің тиімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша мүмкіндіктер жасайды деп күтілуде.
