Қытайда алапат дауыл мыңдаған ғимаратты қиратты
Жүздеген тұрғын жарақат алғандықтан, өңірде төтенше жағдай жарияланып отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Синьхуа» ақпарат агенттігінің дерегінше, апат Хуанши, Хуанган, Эчжоу және Сяньнин қалаларын қамтыған. Нөсер жаңбырмен бірге соққан екпінді желдің жылдамдығы кейбір ауданда сағатына 140 шақырымға дейін барған. Бірқатар елді мекенде торнадо тіркеліп, тұрғын үйлердің шатырын көкке ұшырып әкеткен. Тіпті, ағаштар мен электр желілерін құлатқан.
Жергілікті билік табиғи апат салдарынан 22 ғимарат толықтай қирағанын мәлім етті. Мұнан бөлек, 4 855 тұрғын үй мен түрлі нысан зақымданған.
Қазіргі уақытта өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Арнайы қызмет өкілдері үйінділерді тазалап, тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуде. Билік қайталама табиғи апаттардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халықты сақ болуға шақыруда.
Сондай-ақ, Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында да табиғи апат тіркелді. Луннань қаласына қарасты Наньхэ кентіндегі ауылда таңертең көшкін жүріп, ондаған адам үйінді астында қалған.
Құтқарушылардың мәліметінше, көшкін астында қалған 33 адамның 17-сі аман-есен шығарылды. Қалған адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіптің күшеюіне байланысты жергілікті билік тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялаған.
Жаза кеткен жөн, соңғы аптада Қытайдың бірнеше өңірінде нөсер жауын, су тасқыны мен дауылды жел жиілеп кетті. Алдағы күндері де қолайсыз күн райы сақталуы мүмкін.
