Басты бет » Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енді

Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енді

Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды. 1995 жылғы Конституцияның күші жойылды.

Жаңа Ата Заңның күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең. Ол Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.

Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Олардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді. Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.

Ата Заң Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай-ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.

Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында бекітіліп келген заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде конституциялық мәртебеге ие болды. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күшіне тыйым салу барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін жалпыға бірдей міндетті талап ретінде бекітілді.

Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен қызметі, астананың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық Сот, сот жүйесі, арнаулы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылыстың өзге де мәселелері енгізілді. Бұл олардың құқықтық реттелуінің тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие бола отырып, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісіне қатысуын күшейтеді. Заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі жасалып, мемлекеттік институттар арасында өкілеттіктер қайта бөлінді.

Адам құқықтарын қорғау үлгісі елеулі түрде жаңартылды. Конституция қылмыстық сот ісін жүргізудегі негізгі кепілдіктерді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бас бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітті. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, бас бостандықтың шектелуіне сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, сұрақтарға жауап бермеу құқығы, өз-өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы («Миранда қағидалары»), сондай-ақ кінәсіз презумпциясы бар.

Мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда, цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика