Алматыда қалта ұрлығын жасады деген күдікпен сыған ұлтының өкілдерінен құралған отбасылық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info қалалық ПД-ға сілтеме жасап
Тергеу мәліметінше, әйелдер алдын ала өзара рөлдерді бөлісіп, адам көп жиналатын орындарды таңдаған. Негізгі нысандары – базарлар, қоғамдық көлік және халық көп шоғырланатын өзге де орындар болған. Олар осы жерлерде ұялы телефондарды, ақша және алтын бұйымдарды ұрлаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, дәлелдемелер базасын жинақтап, қылмыстық топтың барлық қатысушыларын кезең-кезеңімен анықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың Алматы қаласы аумағында жасалған ондаған мүліктік қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Полицейлер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысын тексеріп жатыр.
Фото: Polisia.kz
