Фото: скриншот
Таиландтың Пхукет аралында Қазақстанның 30 жастағы азаматы бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болып, полициядан қашуға әрекет жасаған. Бұл туралы жергілікті БАҚ-та жарияланған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Мәліметтерге сәйкес, әйел бірнеше сағат бойы MG маркалы автокөлікпен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көшелерде бейберекет жүрген. Ол жол бойында бірнеше автокөлік пен мотоциклге соқтығысып, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген.
Ескі әуежай тасжолында микроавтобус пен мотоцикл қатысқан жол апаты тіркеліп, салдарынан екі адам зардап шеккен. Тәртіп сақшылары көлікті бірден тоқтата алмаған. Әйелді ұстау үшін полиция қызметкерлеріне автокөліктің терезесін сындыруына тура келген.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, қазақстандық азаматша бұған дейін де осыған ұқсас оқиғаларға қатысы болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетіне жеке өміріндегі қиындықтардан туындаған ауыр психологиялық күй әсер еткен болуы ықтимал.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
