Әл-ауқаты төмен 99 мыңнан астам алматылық МӘМС жүйесіне қосылды

Коллаж: Сanva

2026 жылдың басынан Алматыда бұрын сақтандырылмаған 99 мыңнан астам тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізді. Заңға енгізілген өзгерістеплің арқасында олар жүйеде автоматты түрде сақтандырылған.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, биылдан бастап МӘМС туралы Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл түзетулер әлеуметтік әл-ауқаты төмен санаттағы азаматтарды қамтуға бағытталған. Енді олар үшін МӘМС жарнасын жергілікті әкімдіктер төлейді.

«Бұған дейін жергілікті атқару органдары азаматтардың әлеуметтік портретін анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізген болатын. Олардың арасында қиын жағдайға тап болған, табысы төмен тұлғалар анықталды. Олардың медициналық көмекке толыққанды жүгінуге мүмкіндігі болмаған. Бүгінгі таңда осындай қиын жағдайға тап болған 99 мың алматылық автоматты түрде сақтандырылды», — деді филиал басшысы.

Енді аталған санаттағы азаматтар қажет болған жағдайда МӘМС пакетіндегі медициналық көмекті пайдалану үшін емханаға жүгіне алады. Олар емханаға қаралған сәттен бастап әкімдік Медициналық сақтандыру қорына ай сайын әр адам үшін 9 189 теңге көлемінде жарна аудара бастайды.
МӘМС жүйесінде статусты төмендегі сервистер арқылы тексеруге болады:
• Қордың ресми сайты: msqory.kz
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• Damumed қосымшасы
• Екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) мобильді қосымшалары
• @Saqtandyrubot телеграмм-боты

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика