Фото: depositphotos.com
Қазақстанда қазақша ымдау тілін заңнамалық деңгейде мойындау мәселесі қарастырылып жатыр. Мәжіліс депутаттары оны толыққанды тіл ретінде тануды ұсынып, бастама Сенаттың да қолдауына ие болды, деп хабарлайды 24KZ-ке сілтеме жасаған Qazaqtoday.info.
Елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Алайда ымдау тілі әзірге заң жүзінде мойындалмағандықтан, бұл азаматтар білім алу, жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметтер мен ақпаратқа қол жеткізуде қиындық көреді.
«Салдарынан ондаған мың азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толыққанды қол жеткізе алмай отыр. Қазақта: «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген қанатты сөз бар. Өкінішке қарай, біз әлі күнге осы азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз. Мысалы, бүгінде жоғары оқу орындарында есту және сөйлеу қабілетінде кемтарлығы бар небәрі 185 адам оқиды. Неге аз? Себебі, лайықты орта бейімделмеген. Ым тілін білетін оқытушы табылмайды. Оған көмектесіп, айтқанын аударып тұратын көмекшісі жоқ. Мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз. Оны айтасыз, Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қарым-қатынас құралы ретінде танылмаған!», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.
Депутаттар ымдау тіліне ресми мәртебе беру арқылы оны білім беру, медицина, сот жүйесі, БАҚ және мемлекеттік қызметтерде қолдануға мүмкіндік жасауды көздейді. Қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60 сағат сурдоаударма қызметі ұсынылады. Бұл квота бір жылға жетпей, бірер айда түгесіледі екен. Осыған орай, сурдоаударма қызметінің жылдық 60 сағаттық лимитін ұлғайту ұсынылды.
Жалпы, Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген. Оның ішінде есту қабілеті бұзылған балалардың саны – 4 576 (тас кереңі – 851, нашар еститіндері – 3 825). Естімейтін балалар 22 арнайы мектепте және 3 арнайы балабақшада білім алады. Сондай-ақ, елде ым тілінен аударатын сауатты аудармашылар да, бейімделген контент те жетіспейді.
«Телеарналар сурдоаудармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндеттелген. Бірақ адамға жалғыз жаңалық қарау жеткіліксіз ғой. Білім, мәдениет, кино, ойын-сауық және басқа бағдарламаларды тең тамашалағысы келеді», — деп мәселе көтерді Қазақстан саңыраулар қоғамының жетекшісі Сайлаугүл Омарханова.
Осы орайда «Хабар» агенттігі мен Satbayev University бірлесіп, ЖИ технологияларын пайдалану арқылы сурдоаударма жүйесін енгізу жобасын пысықтауда. Бұл жоба тиімділігін көрсетсе, жүргізушінің ЖИ-аватарын пайдалана отырып, кейбір телебағдарламаларды ым тіліне аудару мәселесі қарастырылады. Үкімет халықаралық тәжірибені зерттеп, мәселені пысықтап жатқанын мәлімдеді. Алайда қосымша қаржы шығындарына байланысты сурдоаударма лимитін көбейту бастамасы әзірге қолдау таппады. Бұл саладағы жаңа шығындарға 2028 жылдың соңына дейін мораторий енгізілген. Заң жобасы қосымша талқылаудан өткен соң жаңа Парламенттің қарауына ұсынылуы мүмкін. Егер қабылданса, қазақша ымдау тілі Қазақстанда ресми мәртебеге ие болатын жаңа тілдердің біріне айналады.
Дереккөз: 24.kz
