КИМЭП студенттері шетелдік профессордың өткен өмірін тексеруді талап етті

Фото: Kimep.kz

Алматыдағы КИМЭП университетінің студенттері экономика профессоры Надим Наквидің АҚШ-тағы еңбек жолы туралы ақпарат таралғаннан кейін, оның өткен өмірін мұқият тексеруді талап етті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Әлеуметтік желілерде пайда болған мәліметтерге сәйкес, оқытушы осыдан бірнеше жыл бұрын америкалық университеттердің бірінен сексуалды қудалау айыбы бойынша жүргізілген тергеуден кейін жұмыстан шығарылған көрінеді.

Бұл мәлімдемелер студенттер арасында үлкен наразылық тудырды. Сондай-ақ Әлеуметтік ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы Джейсон Гейнос жариялаған ашық хат бұл дауды одан әрі өршітті. Экс-декан өз хатында әріптесінің күмәнді өткені туралы университет басшылығына бірнеше рет ескерткенін, алайда оқу орны бұл мәселеге үлкен мән бермегенін алға тартады.

Қоғамдық резонанстан кейін КИМЭП әкімшілігі ресми мәлімдеме жасап, аталған фактілер бойынша ішкі тексеру амалдарының басталғанын хабарлады.

«Университет басшылығы осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп, пікір айтқан бірде-бір студентке немесе оқытушыға қандай да бір санкция қолданылмайтынына және қысым көрсетілмейтініне кепілдік береді», — деп атап өтті жоғары оқу орнынан.

Сонымен қатар КИМЭП өкілдерінің уәжіне сүйенсек, Надим Накви жұмысқа қабылдану барысында заңнамаға сәйкес барлық қажетті құжаттар топтамасын, соның ішінде шетелдік рекомендациялық хаттар мен соттылығының жоқтығы туралы ресми анықтаманы толықтай ұсынған. Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия істің мән-жайын анықтап жатыр.

Аұпарат көзі: qaz365.kz

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика